Тергеу деректеріне қарағанда, олар 2024–2025 жылдары өздеріне бағынысты төрт компанияның – «Союз-Костанай» ЖШС, «Экспресс Тенге» ЖШС, «Express Gold» ЖШС және «Express.com» ЖШС-нің жұмысын ұйымдастырған, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұл желі негізінен облыстың аудан орталықтары мен кенттерінде жұмыс істеген. Клиенттерге банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына жүгінбей, зергерлік бұйымдарын кепілге қойып ақша алу ұсынылған. Іс жүзінде комиссиялық сауда деген желеумен азаматтарға мүлкін кепілге қою арқылы ақша берілген.
Екі жыл ішінде олардың қызметін 1 600-ден астам азамат пайдаланған. Заңсыз қызметтен түскен кіріс 579 миллион теңгеден асқан.
Сот екеуін де 2 жылға бас бостандығынан айырды. Тәркіленген мүліктің қатарында бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі бар.

