Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 84 медаль жеңіп алып, 46 елдің арасында сегізінші орынға тұрақтады. Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль түсті, деп хабарлайды sayasatlive.kz.
2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан жалпы есепте 11-орын алған еді. Биыл ұлттық құрама үш саты жоғарылап қана қоймай, бірнеше олимпиадалық спорт түрінен ел тарихындағы ең үздік нәтижелерін көрсетті.
Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, Қазақстанға 12 жылдан кейін Азия ойындарының алтынын әкелді. Бұған дейін қазақстандық боксшылар Азиадада соңғы рет 2014 жылы топ жарған. Одан кейінгі екі Азия ойындарында ұлттық құрама алтын медаль ала алмаған еді.
Сапымен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Азиада тарихында алғаш рет чемпион атанды. Финалда қазақстандықтар Корея Республикасын 43:42 есебімен жеңді. Осылайша, ұлттық құрама бір маусымда Азия чемпионатын, әлем чемпионатын және Азия ойындарын ұтты.
Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Қазақстанға осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы алтынды сыйлады. Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Азиада чемпионы атанды.
Велошабандоз Алексей Луценко Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізді. Бұл — қазақстандық спортшылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал Рината Сұлтанова Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында Азия ойындарын жеңіп алған алғашқы спортшы болды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева ел қоржынына екі алтын қосты. Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жекте Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль иеленді.
Дзюдодан Қазақстан алғаш рет жекелей сында төрт спортшысын финалға шығарды. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат шешуші белдесулерде жапониялық қарсыластарына жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Аралас командалық жарыста да Қазақстан күміс алды. Ұлттық құрама қатысқан бес финалдың бәрінде қарсылас Жапония спортшылары болды.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс медаль иеленіп, Қазақстанға осы бағдарлама бойынша 32 жылдан кейін Азия ойындарының жүлдесін әкелді.
Күресте де алдыңғы Азиадамен салыстырғанда ілгерілеу бар. Еркін күрестен Қазақстан үш қола медаль алды. 2023 жылы бұл спорт түрінен ұлттық құрама жүлдесіз қалған еді. Әйелдер күресінде биыл бір күміс пен екі қола алынды. Ал Ханчжоудағы Азиадада бір ғана күміс медаль болған.
Азия ойындары аяқталғаннан кейін Туризм және спорт министрлігі әр федерацияның нәтижесін жеке талдайтынын хабарлады. Ойындар алдында спорт федерациялары ұлттық құрамалардың көрсеткішіне қатысты нақты міндеттемелер алған.
Министрлік нәтижелерді алдыңғы халықаралық жарыстармен салыстырып, оған әсер еткен себептерді саралайды. Егер жекелеген спорт түрлеріндегі дайындық жүйесі күткен нәтиже бермегені анықталса, тиісті шешімдер қабылданбақ. Қажет болған жағдайда кей федерациялардың жұмыс тәсілдері толық қайта қаралуы мүмкін.


