Ақтауда кәмелетке толмаған науқастың өлімінен кейін облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Полиция мәліметінше, балаға медициналық көмек көрсету барысында емдеу мен диагноз қоюға, сондай-ақ медициналық көмекті ұйымдастыруға қатысты бірқатар кемшілік анықталған. Кейін науқас шұғыл түрде Алматыға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Сот-медициналық сараптама қорытындысында емдеу кезінде жіберілген кемшіліктер баланың жағдайының асқынуына ықпал етуі мүмкін екені көрсетілген.

Осы дерек бойынша хирург Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.