Кенияда жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, кемінде 22 адам көз жұмды. Тағы 24 адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Қайғылы оқиға 25 қазанда Найроби мен Момбаса қалаларын байланыстыратын ірі тасжолда болған.
Жергілікті полицияның мәліметінше, автобустағы жолаушылардың бір бөлігі шіркеу пасторын жерлеу рәсіміне қатысып, Момбаса қаласына қайтып бара жатқан.
Жолаушылардың бірі Спенца Мудавенің айтуынша, жүк көлігі автобустың артқы жағынан соққан. Қатты соққыдан автобус аударылып кеткен.
Алайда жол апатының нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Кенияның Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы қайғылы жағдайға басып озу кезінде жол ережесінің бұзылуы себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алдын ала болжам бойынша, екі көлік бетпе-бет соқтығысқан.


