Бұл туралы мәлімдемені министрлік ресми өкілі Жанболат Үсенов өзінің Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
“Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды назарда ұстап отыр. Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау министрлік қызметінің сөзсіз басымдығы болып табылады”, – деді министрлік өкілі.
Жанболат Үсенов министрліктің әлемнің түрлі елдері мен өңірлеріндегі соғыс қимылдары болып жатқан аймақтардан отандастарымызды қайтару бойынша тәжірибесі бар екенін атап өтті.
“Бірқатар отбасы Министрлікке көмек сұрап өтінішпен жүгініп үлгерді. Соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін Министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді”, – деді ол.
Министрлік өкілі бұқаралық ақпарат құралдарынан тиісті байланыс деректерін таратуға көмектесуді сұрады.
Сонымен қатар қазақстандықтарды отанына қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында Ресей тарапымен консультациялар жалғасып жатқаны атап өтілді.

