Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект жаңа цифрлық дәуірде бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты факторлардың біріне айналғанын атап өтті.
— БҰҰ-ның Өнеркәсіптің дамуы туралы 2026 жылғы есебіне сәйкес, ЖИ әлем экономикасының келбетін өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің бірі ретінде танылды. Соңғы бес жылда жасанды интеллектімен байланысты патенттердің үлесі шамамен үш есе өскен. Бұл іргелі технологиялық өзгерістерді байқатады. Енді табиғи ресурстар және капитал мен нарық үшін ғана емес, өндіріс тиімділігі үшін де бәсекелестік қыза түсті. Қазақстан осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуі қажет. Басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейту. Осы жұмыстарды атқаруда жасанды интеллект негізгі құралдардың бірі болуға тиіс, – деді Президент.


