Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің әйелі әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ол тергеу аяқталмай тұрып күйеуін кінәлі деп атауға болмайтынын айтып, істі әділ әрі объективті қарауды сұрады.
«Менің күйеуім кінәлі емес. Ол бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және осы жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарды. Оны біреудің сөзі мен жорамалдарына сүйеніп айыптамай, алдымен өз уәжін айтуға мүмкіндік беру керек.
Мен ерекше қарым-қатынас сұрамаймын. Тек әділ әрі объективті тергеу жүргізілуін қалаймын. Егер оған қатысты қандай да бір талап немесе айып болса, ол нақты айтылып, фактілермен расталуы керек.
Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуді және оны кінәлі деп атамауды сұраймын. Біз ашық әңгімеге дайынбыз, бірақ ол құрмет пен заң талаптары аясында жүргізілуі керек», – деп жазды ол.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Данияр Хайрушевтің ұсталғанын растаған болатын. Ол Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайға қатысты тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі.
Айта кетейік, Данияр Хайрушев биыл мамыр айында әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі мен қызметтегі жетістіктері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.


