Заңсыз жұмыстар Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында жүргізілген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз кен өндіруді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС-лерінің директоры ұйымдастырған. Жұмыстар жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген.
Кен орындарын игеруге жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техника тартылған. Өндірілген кен ұсатылып, кейін сату мақсатында теміржол станциясына жеткізіліп отырған. Тексеру барысында кен қазылған үш карьер анықталды. Қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.
Мамандардың бағалауынша, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 миллион теңге қажет. Сот санкциясымен 2 арнайы техникаға, 1 автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды.


