KSS компаниясының негізін қалаушы 2,2 млн доллар жымқырғаны үшін 10 жылға сотталды

Орал қаласында Karachaganak Support Service (KSS) компаниясынан 948 млн теңге жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Сот мәліметінше, компанияның негізін қалаушы АҚШ-та жүріп, жаңа директорды «Теңізшевройлмен» келісімшартты ұзарту үшін жабдық сатып алуға ақша аударуға көндірген.

Алайда қаражат бірнеше траншпен оның бақылауындағы америкалық KSS Charlotte LLC компаниясының шоттарына түскен. Валюталық бақылаудан айналып өту үшін аударымдар пайызсыз қарыз ретінде рәсімделген.

Сот ер адамды сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ал 2025 жылғы шілдеде Атырауда шығарылған алдыңғы үкімді ескере отырып, түпкілікті жаза мерзімі 10 жыл болып белгіленді.

Сондай-ақ сотталған азаматқа компанияға 2,2 млн долларды толық қайтару міндеттелді. Қылмыстық жолмен алынған мүлкі тәркіленіп, үш жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Ұқсас ақпараттар