Ипотекасын төлей алмай жүргендерге көмек алу мерзімі ұзартылды

Қазақстанда ипотекалық несиесін қайта қаржыландырған әлеуметтік осал азаматтарға қосымша көмек алу үшін өтініш беру мерзімі 2027 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Бұған дейін құжат қабылдау 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталуы керек еді. Ал қаржылай қолдау көрсету мерзімі 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін белгіленді. Бұл өзгеріс төлем жасауға қиналып жүрген азаматтарға көмек сұрауға қосымша уақыт береді.

Бағдарлама аясында банктер қарыз алушының жағдайын ескере отырып, ипотеканың негізгі қарызын азайтуы немесе төлем кестесін қайта қарауы мүмкін. Өтінішті несиені берген банкке, Қазақстанның тұрғын үй компаниясына немесе бағдарламаға қатысатын басқа ұйымға тапсыру қажет. Бұдан бөлек, банк балансына өткен баспананы сатып алуға несие рәсімдеуге немесе оны кейін сатып алу шартымен жалға алуға 2027 жылғы 1 шілдеге дейін өтініш беруге болады. Егер азамат осы уақытқа дейін өтініш бермесе, ұйым тұрғын үйді сатуға құқылы.

Ұқсас ақпараттар