Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор әрі профессор Бәкір Баяхунов дүниеден өтті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Өмірін музыка өнеріне арнаған композитор отандық кәсіби музыканың дамуына зор үлес қосты. Оның туындыларында қазақ халқының дәстүрлі әуендері, Шығыс музыкасының ерекшеліктері мен еуропалық классикалық өнердің элементтері өзара үйлесім тапқан.
Бәкір Баяхунов шығармашылық қызметімен қатар ұстаздық жолда да жемісті еңбек етті. Ол 40 жылдан астам уақыт Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс оқып, көптеген талантты музыканттың кәсіби қалыптасуына ықпал етті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті өнер қайраткерінің өмірден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
“Бәкір Баяхунов шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өнердің шынайы құндылығын түсіндіріп, олардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар көрсетті. Оның бай шығармашылық мұрасы, ұстаздық өнегесі мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады”, – делінген ведомствоның көңіл айту хабарламасында.


