Түркияда президент сайлауы ертерек өтуі мүмкін

Бұл Режеп Тайып Ердоғанға билік уақытын тағы да ұзарту мүмкіндігін береді. Президенттің кеңесшісі Мехмет Учум сайлау наурыз немесе сәуір айында болуы тиіс деді. Ердоған Түркияны 23 жылға жуық басқарып келеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Конституция бойынша президент екі мерзім ғана қызмет атқара алады. Алайда парламент мерзімінен бұрын сайлау жарияласа, Ердоғанның тағы бір рет бағын сынауға жол ашылады. Ұлтшыл қозғалыс партиясының жетекшісі Девлет Бахчели де мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шақырды.

Ал оппозицияның ұстанымы бөлек. Олар сайлау арқылы Ердоғанның экономикалық саясатына балама ұсынғысы келеді. Оппозиция жетекшісі Өзгүр Өзел сайлауды президенттің қайта сайлануына бейімдеу дұрыс емес деді.

Мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін парламенттегі 600 депутаттың кемінде 360-ы осы бастаманы қолдауы керек. Ердоғанның билік коалициясында 331 орын бар. Демек, оған басқа партиялардан тағы 29 дауыс қажет. Сондықтан сайлаудың нақты мерзімі де, Ердоғанның саяси додаға қайта түсу мүмкіндігі де парламенттегі келісімге байланысты.

Ұқсас ақпараттар