Қызылордада жол апатынан көз жұмған бес айлық сәби каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың жиені болып шықты. Спортшы әйел мен нәрестені қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні тауып, жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Қайғылы оқиға 13 қазан күні сағат 17:10 шамасында болған. Mitsubishi Lancer көлігі арбадағы сәби мен оның анасын қағып кеткен. Екеуі де ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер бес айлық ұл баланың өмірін сақтап қала алмаған.
Сәбидің 26 жастағы анасының жағдайы өте ауыр. Туыстарының айтуынша, ол әлі есін жимаған. Әйелдің қабырғалары мен жамбасы сынған, алда бірнеше күрделі ота күтіп тұр.
Қызылорда облыстық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол апаты және оқиға орнын тастап кету деректері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Күдіктінің жеке басы анықталды. Оның орналасқан жерін анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қызылорда қаласының шығаберістерінде бақылау күшейтілді”, – делінген полиция хабарламасында.


