Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

Ұлттық банктің хабарлауынша, алаяқтар азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейдегі банктердің атынан азаматтың атына «цифрлық сенімхат» ресімделгені, оны үшінші тұлғалар пайдаланып жатқаны немесе кредит алуға өтінім мақұлданғаны және көрсетілген нөмірге қоңырау шалу туралы жалған СМС жібереді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Хабарламада көрсетілген нөмірге қоңырау шалған адамға алаяқтар өзін Ұлттық банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ақшасын «қорғауды» ұсынады. Олар SMS-кодтарды, банк картасының деректерін сұрап, күмәнді қосымшаларды орнатуды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етуі мүмкін.

Ұлттық банк ескертеді:

— мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері SMS-кодтарды, PIN-кодтарды сұрамайды және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынбайды;

— күмәнді хабарламалардағы нөмірлерге қоңырау шалмаңыз, сілтемелерге өтпеңіз және бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамаңыз. Ақпаратты тек банктің немесе цифрлық үкімет сервисінің ресми арналары арқылы тексеріңіз;

— Алаяқтыққа тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Кеңес алу үшін Ұлттық банктің 1477 қысқа нөміріне хабарласуға болады.

Ұқсас ақпараттар