Қазақстанда 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі артты. Ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы зерттеуіне сәйкес, 2026 жылы мұндай азаматтардың үлесі 58,4%-ға жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 53,7% болған. Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға, 100–300 мың теңге аралығында табыс табатындардың үлесі 43%-дан 39,3%-ға төмендеді. Зерттеу сәуір айында жүргізіліп, ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін 3 миллионнан астам адамды қамтыды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ең жоғары орташа айлық жалақы ұйым басшыларына тиесілі – 1,1 млн теңге. Инженерлердің орташа жалақысы 702 мың теңге, еңбек қауіпсіздігі инженерлерінікі 645 мың теңге, инженер-технологтардыкі 617 мың теңге, энергетик-инженерлердікі 615 мың теңге болды. Дәрігерлер орта есеппен 491,4 мың теңге, фармацевтер 347,7 мың теңге, фельдшерлер 313,6 мың теңге, медбикелер 264,6 мың теңге алады.
Басқа мамандықтар бойынша орташа айлық жалақы бухгалтерлерде 398,6 мың теңге, жүргізушілерде 328,1 мың теңге, аспаздарда 192,6 мың теңге, күзетшілерде 174,2 мың теңге болды. Жалпы, жалақының номиналды өсімі барлық тоғыз ірі кәсіптік топта тіркелген. Ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы жұмысшыларда – 13,1%, ал өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілерде 10,4% болды.

