Артық салмақтан арылу жеткіліксіз: мамандар семіздікті емдеу тәсілі туралы айтты

Қазақстанда артық салмақ пен семіздікке шалдыққан адамдарға медициналық көмек көрсету тәсілі қайта қаралып жатыр. Баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау саласының сарапшылары семіздікті дәрігер бақылауында жүйелі емдеуді қажет ететін созылмалы ауру ретінде қарастырудың маңызын талқылады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының, Диабет, эндокриндік және метаболизмдік аурулар қауымдастығының және Novo Kazakhstan компаниясының өкілдері қатысты. Мамандар семіздік диагнозы қойылған пациенттерге көмек көрсету стандарттарын жетілдіру мәселесін көтерді.

Жиында келтірілген Obesity Atlas (2025) деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ересектердің 56%-ында артық салмақ бар, ал 20%-ы семіздікке шалдыққан. Сарапшылар артық салмақтың 2-типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тірек-қимыл жүйесінің бұзылыстары және басқа да метаболикалық асқынулар қаупімен байланысты екенін атап өтті. Алайда адамдардың көбі эндокринолог пен кардиолог сияқты бейінді мамандарға қосымша аурулар анықталғаннан кейін ғана жүгінеді.

Диабет, эндокриндік және метаболизмдік аурулар қауымдастығының президенті Айгүл Дурманованың айтуынша, салмақ тастау — емнің алғашқы кезеңі ғана. Одан кейінгі маңызды міндет — қол жеткізген нәтижені сақтау.

«Адам арықтағанда май жасушаларының көлемі кішірейеді, бірақ олар жоғалып кетпейді. Сондықтан салмақ тастаумен шектелуге болмайды. Нәтижені сақтау үшін дәрігердің бақылауымен тамақтануды, дене белсенділігін және адамның жалпы жағдайын тұрақты қадағалау қажет», — деді ол.

Маман емдеу нәтижесін тек таразыдағы көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз екенін түсіндірді. Дәрігер дене салмағының уақыт өте қалай өзгергенін, ағзадағы май тінінің үлесі мен таралуын, зертханалық талдауларды және пациенттің өзге де ауруларын ескеруі керек.

Сарапшылардың пікірінше, семіздік мәселесін ел көлемінде шешу үшін заманауи нормативтік база қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде аурудың салдарын емдеумен қатар, оның алдын алуға және халықаралық ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізуге көбірек көңіл бөлініп келеді.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанар Қалмақова метаболикалық асқынулар қаупін азайтуға бағытталған кешенді бағдарламаның іске асырылуы туралы айтты.

Бұл жұмыста емханалардың рөлі маңызды. Алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер зат алмасудағы бұзылыстарды ерте анықтап, асқынулардың алдын алуға көмектесе алады. Дегенмен, мамандар семіздікпен жүйелі күресу үшін медицина қызметкерлерінің жұмысына қоса, мемлекет, ғылым және фармацевтика саласының ынтымақтастығы қажет екенін атап өтті.

Кездесуде Novo Kazakhstan бас директоры Манвендра Сингх компанияның ғылыми әзірлемелерін пациенттерге қолжетімді ету мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Вегови® препараты Қазақстанда тіркеліп, салмақты бақылауға арналған ем ретінде қолжетімді болған.

Компанияның медициналық директоры Галина Шин препараттың әсері мен қауіпсіздігі STEP клиникалық зерттеулер бағдарламасында және SELECT жүрек-қан тамырлары зерттеуінде бағаланғанын айтты. Бұл зерттеулерге мыңдаған пациент қатысқан.

Оның мәліметінше, Вегови® препаратын АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы — FDA 2021 жылы, ал Еуропалық дәрілік заттар агенттігі — EMA 2022 жылы мақұлдаған. Компания өкілі клиникалық зерттеулер мен қолдану тәжірибесінде салмақтың төмендеуіне және белгілі бір пациенттер тобында жүрек-қан тамырлары асқынулары қаупінің азаюына қатысты деректер жинақталғанын жеткізді. Сондай-ақ семаглутидтің семіздікке шалдыққан 12 жастан бастап жасөспірімдерді емдеуге арналған түрі де мақұлданғанын атап өтті.

Жиынға қатысушылар семіздікті емдеу бір ғана дәрімен немесе салмақ тастаумен шектелмейтінін айтты. Дәрігердің тұрақты бақылауы, тамақтануды реттеу, дене белсенділігі және медициналық көрсетілімдерге сай тағайындалатын дәрілік ем өзара үйлесуі қажет. Мұндай кешенді тәсіл асқынулардың алдын алуға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Ұқсас ақпараттар