Бұл жағдай Шымкенттегі жекеменшік мектепте болған. 36 жастағы информатика пәнінің мұғалімі 1-сынып оқитын қызға сыныптастарының көзінше жыныстық сипаттағы әрекет жасаған. Оқиға мектептегі бейнекамераға түсіп қалған. Қыздың анасы полицияға арызданған. Оған қоса видеоны өз көзімен көріп, ұстаздың не істегеніне көз жеткізген, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Анасының айтуынша, бұл жағдайдан кейін баланың мазасы кеткен. Мектепке барудан қорқып, жиі жылайтын болған және тәбеті нашарлаған. Күйзеліс салдарынан психолог көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты.
Алайда полиция мұғалімнің әрекетін Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы (16 жасқа толмаған балаға сексуалдық сипатта тиісу) бойынша саралаған. Баланың анасы мұнымен келіспейді.
Сот істі қарап, мұғалімнің әрекетінде бұдан да ауыр қылмыстың белгілері болуы мүмкін деп, тергеуге қайтарған. Бірақ апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, істі бастапқы бап бойынша қарауға жіберген.

