Жоғары аудиторлық палата Қостанайда жерді өз бетінше иеленіп алу белгілері бар әрі құқық белгілейтін құжаттары жоқ ғимараттар салынған жер учаскелеріне қатысты 174 жағдайды анықтады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Осыған байланысты Қостанай қаласының әкімдігіне анықталған жағдай бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Жерді заңсыз иеленіп алған тұлғаларды анықтау үшін 143 факт бойынша мәліметтер полицияға жолданды.
31 факт бойынша материалдар Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілді. Расталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, оларды жою туралы нұсқамалар берілді.
Егер салынған объектілердің құқықтық негізін белгілейтін құжаттар болса, иелері жер пайдалану құқығын ресімдей алады. Олар бюджетке жерді жалдау ақысын немесе оның сатып алу құнын төлеуі тиіс. Ал тиісті құжаттары жоқ нысандар заңсыз деп танылып, иелеріне айыппұл салынады және ғимараттары сүріледі.

