Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға байланысты аурухана карантинге жабылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бір әйелдің оба жұқтырып қайтыс болғаны хабарланды. Қазір ондаған адам медициналық бақылауға алынған.
Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға байланысты Шелехов аудандық ауруханасының бірқатар бөлімшесі карантинге жабылды. Бұл туралы Ресейдің жергілікті билігі мен бірқатар БАҚ хабарлады.
Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев өңірде «аса қауіпті инфекцияға» күдік тіркелгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, жағдайға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық комиссияның шұғыл отырысы өткен. Оған Ресейдің бас санитар дәрігері, Роспотребнадзор басшысы Анна Попова да қатысқан.
Кобзев инфекцияның нақты атауын ашып айтқан жоқ. Ол барлық байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынғанын, әзірге оларда ауру белгілері байқалмағанын және зертханалық нәтижелері теріс екенін мәлімдеді.

