Тексеріс пен бақылауға келгенде, кішігірім кәсіпкер мен экономикаға үлкен ықпалы бар ірі компанияны бір қатарға қоюға болмайды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Осылай деген депутат Ермекқали Юсупов шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге бір-екі жыл мерзімге мораторий енгізуді ұсынып отыр. Айтуынша, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға, апаттарға, төтенше жағдайларға және заңда арнайы көзделген өзге де жағдайларға байланысты тексерулерге қатысты емес.
Сондай-ақ ол қайталанатын, артық және негізсіз рәсімдерді болдырмау мақсатында ШОБ-қа қатысты реттеушілік талаптарды жан-жақты қайта қарастыруды сұрады. Бақылау шараларының барынша көп бөлігін кәсіпкерге баруды қажет етпейтін цифрлық және алдын алу форматына көшіруге болады, дейді ол. Бұл ретте бақылау ресурстарын бөлу жүйесін қайта қарап, басты назарды бұзушылық салдары өте ауыр болуы мүмкін ірі бизнеске, монополияларға және қауіп-қатері көп болатын кәсіпорындарға аудару ұсынылды.

