Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен арнайы кеңесте әскердегі жағдайға баға берді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Мемлекет басшысы министрліктің жұмысына жан-жақты тексеру жүргізіп, он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет қабылдап жатқан шараларға қоғамның көзқарасын білу үшін «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы 28-29 қыркүйекте қоғамдық пікірді зерттеу мақсатында сауалнама жүргізді.
Сауалнама нәтижесі армияның қазіргі жағдайы мен болашағы көпшілік назарында екенін көрсетті. Қатысушылардың 85,2%-ы Президенттің Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін толық немесе ішінара қолдайды.
Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімге де осындай көзқарас қалыптасқан. Мемлекет басшысының бұл шешімін оң бағалағандардың үлесі де жоғары – 85,7%.
Сауалнамаға қатысушылар армияда қандай өзгерістер қажет екенін де айтты. Бұл сұраққа бірнеше жауап таңдауға мүмкіндік берілді. Ең көп аталған ұсыныс – Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігін арттыру (47,4%). Бұдан кейін командалық құрамды жаңарту және оның кәсіби деңгейін көтеру (34,3%), сондай-ақ қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту (29,4%) тұр.
Әскери қызметтің күнделікті жағдайына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сауалнамаға қатысушылардың 25,3%-ы олардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды маңызды деп санайды. Қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды 20,7%, жаңа технологияларды, оның ішінде цифрлық шешімдерді енгізуді 20,4%, ал жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығу деңгейін көтеруді 19,2% атаған.
Сауалнама нәтижесі қоғамның армияда жан-жақты өзгеріс күтетінін көрсетеді. Елдің қорғаныс қабілетін нығайтумен қатар, жұрт әскери қызметтің күнделікті ұйымдастырылуы да жақсарғанын қалайды.


