Зеленский маңызды мәлімдеме жасады

Украина президенті Владимир Зеленский толық ауқымды соғыс жылдарында көптеген қателік жібергенін мойындады. Ол күн сайын жүздеген күрделі әрі маңызды шешім қабылдауға тура келетінін айтты. Бұл туралы ол The Wall Street Journal бас редакторы Эмма Такерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Зеленскийдің сөзінше, соғыс жағдайында қабылданатын шешімдердің кейбірі өте күрделі әрі нәзік болады. Кейде өзі қаламаса да, белгілі бір келісімдерге баруға мәжбүр болатынын жеткізді.

«Әрине, мен қателесемін. Соғыс кезінде өте көп қателік жібересің. Себебі күн сайын жүздеген келісім жасауға тура келеді», — деді Украина президенті.

Сұхбат барысында Зеленский соғыстан кейінгі өмірі туралы да айтты. Оның сөзінше, ол өз жұмысын соғыс аяқталып, президенттік қызметі біткеннен кейін Украинада қалып, ел көшелерінде еркін жүре алатындай халде кеткісі келеді.

«Мен соғыстан кейін көшеде жүріп, мені ешкім өлтіргісі келмегенін және жек көрмегенін қалаймын», — деді Зеленский.

Сондай-ақ ол соғыс жылдарындағы күйзелісті қалай еңсеріп жүргеніне нақты жауап бере алмағанын айтты.

«Білмеймін. Мен онымен шынымен күресіп жүрмін бе, оған сенімді емеспін», — деді президент.

Ұқсас ақпараттар