Түркістан облысында ата-ана қызын зорлаған еркектен ақша алып, істі жапқан

Түркістан қаласы мен облыстың бірнеше ауданында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталып, қамауға алынған. Бұл туралы адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Адвокаттың айтуынша, Түркістан қаласында 61 жастағы ер адам 6 жастағы қызға жыныстық зорлық жасады деген күдікке ілінген. Ол қамауға алынған.

Сауран ауданында 53 жастағы азамат 7 жастағы қызға қатысты осындай қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Ал Шардара ауданында 31 жастағы ер адам 16 жастағы жасөспірімге жыныстық зорлық көрсетті деген күдікке ілінген.

Ләззат Рақышева қылмыстық іс аяқталғаннан кейін балалардың әрі қарайғы тағдырына алаңдайтынын жеткізді.

Адвокаттың мәліметінше, бұған дейін Түркістан облысында жыныстық зорлықтан зардап шеккен екі баланың ата-анасы күдіктілерден ақша алып, істі жеңіл бапқа қайта саралауға келіскен жағдайлар болған.

Оның сөзінше, бір отбасына 5 миллион теңге, екіншісіне 2 миллион теңге ұсынылған. Кейін ата-аналар күдіктілерді кешірген.

Ұқсас ақпараттар