АҚШ билігі Қазақстан аумағы арқылы Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауға берілген арнайы лицензия мерзімін 2027 жылдың наурызына дейін ұзартты. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, Sayasatlive.kz хабарлайды.

Бұған дейін берілген рұқсат осы жылдың сәуірінде аяқталуы тиіс еді. Енді АҚШ Қаржы министрлігімен кеңескеннен кейін, бұл мерзім 2027 жылдың 19 наурызына дейін созылды.

Мұның басты себебі — Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздық.

«Лицензия Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан туындаған жаһандық мұнай нарығындағы тұрақсыздық жағдайында Қазақстанға Ресей мұнайын Қытайға транзиттеуді жалғастыруға мүмкіндік береді», — деп жазды Bloomberg басылымы.

Қазіргі уақытта Ормуз бұғазындағы шектеулер мұнай экспортына кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан Азия елдері қымбат бағаға қарамастан балама жол іздеуге мәжбүр. Бұл рұқсат Ресей үшін де тиімді, өйткені Украина дрон соққыларынан кейін Балтық теңізі арқылы тасымал қиындаған.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың түсіндіруінше, АҚШ-тың бұл арнайы лицензиясынсыз Ресей мұнайының транзитіне толықтай тыйым салынуы мүмкін еді. 2025 жылы «Роснефть» компаниясы санкцияға ілінгеннен кейін, ол қатысқан кез келген операция — Қазақстан мен «ҚазТрансОйл» үшін үлкен тәуекелге айналды. Себебі еліміз «екінші деңгейлі санкциялардың» құрығына ілініп кетуі ықтимал болатын.

Осы қауіптің алдын алу үшін былтыр қарашада Қазақстан Энергетика министрлігі АҚШ-қа арнайы рұқсат сұрап жүгінген. Алғашында 2026 жылдың сәуіріне дейін берілген жеңілдік енді тағы бір жылға ұзартылды. Сарапшы бұл шешімнің маңызын былай деп тарқатып берді:

«Бұл Қазақстанға не береді? Тасымалданатын мұнай көлемі жылына шамамен 10 миллион тоннна. Қазір бұл көлемді 12,5 миллион тоннаға дейін арттыру мәселесі талқыланып жатыр. «ҚазТрансОйл» осы транзит арқылы жыл сайын 150-ден 190 миллион долларға дейін таза табыс табады. Ал АҚШ үшін бұл — мұнай бағасының шарықтап кетуін тежеудің тағы бір құралы, өйткені нарық қосымша мұнай көлемімен қамтамасыз етіліп отыр».

Соңғы уақытта Ирандағы саяси өзгерістер мен АҚШ Президенті Дональд Трамптың мәлімдемелерінен кейін мұнай бағасы құбылып тұр. «Қара алтын» бағасының барреліне 100 доллардан асуы инвесторларды алаңдатты. Осыған байланысты G7 елдері қажет болса, өздерінің стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға дайын екендіктерін жеткізді.